Қазақстандағы медреселер жұмысы қалай реттеледі

Фото: Фото: muftyat.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында 9 медресе-колледж жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады. 

Медресе – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы болып саналады, колледж мәртебесіне ие және өз қызметін техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес жүргізеді. 

Дін істері комитеті елімізде жұмыс істейтін медресе-колледждердің тізімін ұсынды:

• Астана медресе-колледжі;

• «Әбу Ханифа» медресе-колледжі (Алматы қ.);

• Шымкент медресе-колледжі;

• Орал медресе-колледжі (Орал қ.);

• Һибатулла Тарази медресе-колледжі (Тараз қ.);

• Әбу Бәкір Сыдық медресе-колледжі (Павлодар қ.);

• Үшқоңыр медресе-колледжі (Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы);

• Сарыағаш медресе-колледжі (Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылы);

• Ақтөбе медресе-колледжі (Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылы).

Аталған оқу орындары «4S02210103 – Имам-хатиб», «4S02210104 – Ұстаз» исламтану бағдарламалары бойынша діни білім беру саласындағы мамандарды дайындайды.

Комитет мәліметінше, бұл медресе-колледждерде 2 921 студент білім алуда, оның ішінде 1 759 ер бала, 1 162 қыз бала бар. Оқу аралас түрде, яғни ұлдар мен қыздар бір оқу орнында қатар білім алады.

− Медресе-колледждердің білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен кәсіби стандарттар талаптарына негізделіп әзірленеді. Сонымен бірге медресе-колледждердегі мамандықтар ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі №500 бұйрығымен бекітілген техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары мен біліктіліктері жіктеуішіне енгізілген. Атап айтқанда, бұл «Дін және теология» бөліміне (исламтану, теология, хадистану) жатады. Бұл медресе-колледждердің оқыту бағдарламаларының заманауи стандарттар мен еңбек нарығы талаптарына сай болуын қамтамасыз етеді, - деп жазды ведомство. 

Комитеттің мәліметінше, медресе-колледждерде қолданылатын діни әдебиеттер мен оқу материалдарын ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ бекітеді және қадағалайды. Бұл ұйым техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, соның ішінде медресе-колледждердегі діни білім беру мазмұнының оқу бағдарламалары мен оқулықтарын сараптау және бекіту жұмыстарын жүргізетін негізгі орган саналады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сарыағаштағы медресе-колледжге мемлекет есебінен 1 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінгенін жазған едік.