Қазақстандағы рақымшылық: Павлодарда 27 сотталушы толық босатылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс орталығында сот пробация қызметінің кезекті ұсынымдары қаралып, сотталған азаматтарды жазаның қалған бөлігін өтеуден босату туралы шешім қабылданып жатыр. Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 167 материал жолданған.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заң өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл біреулер үшін жаза мерзімінің қысқаруы болса, енді біреулер үшін өмірді жаңадан бастауға берілген мүмкіндік.

- Бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 167 материал жолданды. Оның ішінде 27 сотталған азамат толық босатылуға жатады. Қалғандарына жаза мерзімін қысқарту қолданылады. Бүгін сондай істердің бірі қаралып, сот сотталған азаматты бас бостандығын шектеу жазасын толық өтеуден босату туралы шешім қабылдады. Пробация қызметі заңның талаптарын уақытылы орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, - дейді Павлодар қаласы пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Алмагүл Абдулина.

Еске сала кетейік, Жетісу облысында 19 мыңнан астам адам әкімшілік рақымшылыққа ілікті.