«Ой Ордо» сараптамалық бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаков Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар уақыт талабына сай екенін, Орталық Азия мен посткеңестік елдерге маңызды болатын жаңа саяси модельдерді қалыптастыруға жол ашатынын айтады.
- Вице-президент лауазымын қайтару Қазақстандағы уақтылы қадам болып отыр. Өйткені билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы парламенттік-президенттік мемлекеттің негізі қаланып жатыр. Процесс ең алдымен қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған, - деп атап өтті саясаттанушы.
Сарапшы Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін Халық кеңесінің алаңына беру де заңдылық екенін айтады.
- Қазір уақыт нақты ұйымдарды талап етеді, олар бүгіннің шындығына негізделіп, мемлекеттік басқару жүйесінде халық өкілдерінің болуын қамтамасыз етеді, - дейді ол.
Игорь Шестаковтың айтуынша, Қазақстандағы Парламент реформасы күтілген оқиға еді.
- Қырғызстан жылдар бойы бір палаталы парламент жүйесімен жүрді. Бұл жүйе депутаттарды сайлаушыларға жақындата түседі. Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформалар болашақта Орталық Азияның басқа елдері үшін үлгі бола алады, - дейді саясаттанушы.
Сарапшы Орталық Азия әлемде болып жатқан геосаяси тұрақсыздық аясында тұрақтылық көрсетіп отырғанын ерекше атады.
- Әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған қадамдары Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтады және жалпы өңірдегі процестерге оң әсер етеді, - деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Парламенттегі партиялар бір палаталы жүйеге көшу мәселесін қолдау білдіргенін жазған едік.