Энергетика министрлігі табиғи газ өндірісінің төмендегені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында Қазақстанда 17,3 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,46 млрд текше метрге немесе 9,2%-ға көп, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы ретте айта кететін мәселе - бұқаралық ақпарат құралдарында тараған газ өндірісінің төмендегені жөніндегі ақпарат ресми деректерге сәйкес келмейді. Ұлттық статистика бюросының жедел деректері оң динамиканы растайды. Оған сәйкес өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,1%-ды құрады.

- Министрлік жағдайды объективті түрде көрсету үшін тек тексерілген деректерді пайдалануға шақырады. Сонымен қатар, тұтынушылар үшін газ бағасының өсуі өндіру көлемімен байланысты емес. Бұл – баға белгілеудің нарықтық тетіктеріне көшуге бағытталған реформаның жоспарлы әрі бақылаудағы кезеңі,- делінген хабарламада.

Аталған шара саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету, жаңа кен орындарын игеруге инвестиция тарту және болашақта тапшылық тәуекелдерінің алдын алу үшін қажет.

Энергетика министрлігі тарифтердің өзгеруі – елдегі барлық тұтынушыларды ұзақ мерзімді перспективада үздіксіз газбен қамтуды қамтамасыз ететін байыпты шешім екенін атап өтті.

Осыған дейін Энергетика министрлігі елімізде 12,6 миллион адам табиғи газбен қамтылғаны туралы хабарлаған еді.