Қазақстандағы тұңғыш ғылыми қалашық: Үкіметте Техноқала құру талқыланды

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметте вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Қазақстандағы тұңғыш ғылыми қалашық — Техноқала тұжырымдамасы талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Бұл жұмыс Мемлекет басшысының наурызда Ұлттық құрылтайда Үкіметке берген тапсырмасы бойынша жүргізіліп отыр.

Жобаны жұмыс тобының жетекшісі, профессор, э.ғ.к. Жақсыбек Құлекеев таныстырды.

Техноқала — озық технология, ғылым, университеттер мен бизнес шоғырланатын ерекше мәртебесі бар болашақ қала. Негізгі мақсаты — басты назар қолданбалы әсер мен коммерциялық қайтарымына аударылатын, қысқа мерзімде өндірістегі ғылымды қажет ететін әзірлемелерді жасап, енгізу. Бұл ретте жаңа энергетика мен энергия үнемдеуге, биотехнология мен азық-түлік қауіпсіздігіне, жаңа ақпараттық технологиялар және ЖИ-ді дамытуға мән беріледі.

Фото: Үкімет

Техноқаланы жүзеге асырудың бірінші кезеңінде Алматы облысының аумағында Алматыға жақын жерде 500 га алаңда орналастыру ұсынылады. Орын «Инновациялық технологиялар паркі» мен «Алатау» АЭА, ядролық физика институтының жанында орналасуы ескеріле отырып таңдалды. Аумақтың шамамен 30%-ы университеттерге, ҒЗИ-ға және технопаркке бөлініп, олар кадр даярлау мен жаңа әзірлемелер жасауға негіз болмақ.

Тұжырымдаманы дайындау шеңберінде халықаралық тәжірибе зерттелді. Мысалы, Жапонияда «Сукуба» технополисі Токиодан 56 шақырым жерде орналасқан. Онда 45-тен астам жоғары технологиялық компания бар. Ғылыми сүйемелдеуді 20 мемлекеттік және 40 корпоративтік институт, 2 университет, 13 мыңнан астам зерттеуші жүргізеді. Мұнда ғарыштық технология, медицина, биотехнология мен материалтану саласы әзірлемелері жүргізіледі. ҚХР-да Бейжің маңында Z-Park жоғары технологиялар ерекше аймағы жұмыс істейді. 488 шақырым аумақта 23 мыңға жуық компания бар. Бір миллионға жуық адам жұмыс істейді. Кадр даярлау Бейжің Цинхуа университетінде жүргізіледі. Ғылыми қолдауды 200 институт қамтамасыз етеді. Мұнда ақпараттық технология, жасанды интеллект; заттар интернеті, электроника, биомедицина, интеллектуалды өндіріс және басқа да салалар дамытылады.

Фото: Үкімет

Тұжырымдаманы талқылау барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан Техноқала периметріне кіре алатын ЖОО мен кәсіпорындар, дамудың қосымша бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды. Экономикалық зерттеулер институты импортты және сыртқы жеткізушілерге технологиялық тәуелділікті төмендету мақсатында ҒЗТКЖ-ға инвестицияны ынталандыру мен технологиялар трансферінің ауқымын кеңейту бойынша ұсыныс жасады. Олардың пайымдауынша, ғылыми қалашық құрылымы «мемлекет және бизнес — ҒЗИ (ғылым) — ЖОО (кадрлар) — технопарк (шағын өнеркәсіптік кәсіпорындар)» моделі бойынша құрылуы тиіс. Басым бағыт — робототехника, электроника, медициналық техника, биотехнология, соның ішінде АӨК және тамақ өнеркәсібі, атом энергетикасы, жаңа материалдар және химия саласы. Яғни, Техноқала базасында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әзірлемелерден бастап, өнеркәсіптік шығарылымға дейінгі толық циклі бар салалық кластерлер қалыптастырылмақ.

Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов табысқа жетудің екі негізгі факторын — білікті кадрларды даярлау мен ірі табысты компаниялар қолданбалы ғылыми және технологиялық міндеттерді ұсынатын экожүйе қалыптастыруды атап өтті. Ол мысал ретінде мамандар даярлау және әртүрлі салада озық әзірлемелер қорын құру арқылы табысқа жеткен Yozma моделін келтірді. Сондықтан болашақ Техноқала үшін қолданбалы міндеттер генераторы рөлін елдің ірі өнеркәсіптік компаниялары атқаруы тиіс.

Фото: Үкімет

— Ғылым қолданбалы болуы керек. Біз Қазақстанда алғаш рет ғылыми қалашық құрып жатырмыз. Біз жаңалық жасап жатқан жоқпыз. Әлемде сәтті мысалдар бар. Ең бастысы — бизнестің қайсысымен айналысатынымызды бірден анықтап алу. Ғылымға кім міндет қояды. Бізге жүзеге асыруды өз қолына алатын басқарушы компания қажет, — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Еске сала кетейік, бұған дейін вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген кеңесте биыл Қазақстанда 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтылғане еді.