Қазақстандағы жеке мектептерде оқу ақысы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Жеке мектептердегі оқу ақысына бірнеше фактор әсер етеді. Тіпті оқушының қай сыныпқа баратыны маңызды рөл атқарады. Соған қарай жылдық оқу ақысына миллиондар жұмсауға тура келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Жеке мектептер оқу ақысын әртүрлі жолмен есептеп береді. Кейбірі 9 айдың ақысын бірден айтса, енді бірі ай сайынғы төлемді көрсетеді. Сонымен бірге оқуға қабылдар кезде қосымша төлем қарастырылады. Ол шамамен 200-400 мың теңге болады. Тамаққа, үйірмеге, қосымша сабаққа деп ақы сұрайды. Яғни тек оқу ақысына емес, қосымша қажеттілік шығынына дайын болу керек.

Еліміз бойынша Қызылорда қаласында жеке мектеп ақысы төмен. Мұнда ай сайын 25 000 теңге төлеуге болады. Кейбір мектепте оқы ақысы – 50 000 теңге.

Семей мен Таразда оқу ақысы 40 000 теңгеден басталады. Семейдегі кейбір жеке мектептің қызметі айына – 110 000 теңге. Ал Таразда 200 000 теңгеге дейін жетті. Егер бала 0 – 4 сынып аралығында оқысы таңнан кешке дейін сол мектепте жүреді, үй тапсырмасын да сонда орындайды. Таңертең оқу бағдарламасына сай білім алып, түстен кейін үйірмелеріне барады.

Фото: Kazinform

Көкшетау қаласында баға 53 000 теңгеден басталады. Бұл 5-6 сынып оқушыларына арналған баға. Ал мектеп алды даярлық тобына 105 000 теңге, 1-4 сынып аралығына 135 000 теңге.

Ортада Қостанай қаласы тұр. Мұнда жеке мектептердегі оқу ақысы айына 65 000 теңгеден басталып, 270 000 теңгеге дейін жетеді. Орта есеппен жылына 2,5 млн теңгеге дейін барады.

Орал қаласында оқу ақысы 75 000 теңгеден басталып, 180 000 теңгеге дейін жетті. Кейбір білім ордасы баланың үлгеріміне қарай жеңілдік те береді. Үздіктердің оқу ақысы – ең төмені.

Екібастұз қаласы да алысқа ұзамады. Мұнда ай сайын орта есеппен 80 000 – 90 000 теңге болады. Ал Атырау мен Қарағандыда оқу ақысы 80 000 теңгеден басталады. Ақтөбе қаласында оқу ақысы жылына 90 000 теңге және одан жоғары. Бұл 1-4 сынып оқушыларына арналған қызмет ақысы. Ал 5-11 сынып оқушыларына одан 10 000 теңгеге қымбат. Кейбір білім ордасы айына орта есеппен 245 000 теңге алады.

Талдықорған, Жезқазған мен Алматы қалаларында оқу ақысы 100 000 теңгеден басталады. Талдықорғанда жеке мектеп аз және мұнда көбіне бастауыш сынып оқушыларын ғана оқытады. Сондай-ақ Жезқазған қаласында да таңдау аз. Ал Алматы қаласында сұранысқа қарай ұсыныс әзір. Кейбір мектептерде оқу ақысы айына 1,4 млн теңге болады. Ал негізгі орташа баға – 200 000 – 400 000 теңге.

Одан кейінгі орында Шымкент қаласы тұр. Мұнда оқу ақысы 110 000 теңгеден басталып, 330 000 теңгеге жетті. Кейбір білім ордасында ата-аналардың өтініші жеке қаралып, түрлі жеңілдік ұсынады.

Петропавлда ең арзаны айына 120 000 теңгеге шығады. Бұл тек 1-2 сынып оқушыларына арналған баға. Өңірде жеке мектепті табу қиын.

Ақтау қаласында баға өзге. Мұндағы жеке мектептерде оқу ақысы айына 150 000 теңгеден басталады. Ең қолжетімдісі осы. Ал кейбір халықаралық мектептерде баға 390 000 теңгеге жетеді.

Павлодар қаласында 0-4 сынып оқушыларына арналған жеке мектептің оқу ақысы – 170-230 мың теңге аралығында. Қазақстанның басқа да қалаларындағы секілді мұнда да алдын ала төлем төлейді, тамақтану ақысы тағы бар.

Өскемен қаласындағы жеке мектептерде оқу ақысы айына 250 000 теңгеден басталады. Ал кейбір мектептердегі баға айына – 380 000 теңге. Жылына кем дегенде 2,8 млн теңге жұмсайды. Түркістан қаласында да бағаға оқушының сыныбы әсер етеді. Баға кейбір мектепте айына 315 000 теңгеге жеткен.

Еліміз бойынша ең жоғары баға Астана қаласында тіркелді. Мұнда айына кем дегенде 350 000 теңге жұмсайды. Ал орташа деңгейдегі білім ордасы 500 000 теңге болса, халықаралық мектептер айына 1,4 млн теңге есептеп береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ЖОО-ның оқу ақысы туралы білдік.