Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров Қазақстан геологтерінің тұңғыш съезінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында елдегі жерасты суының қоры қанша екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде жерасты суының 43 млрд текше метр қоры тіркелген. Оның бәрі - тұщы су. Бұл қордың 45 пайызы оңтүстік өңірлерде жатыр. Оңтүстік өңірлердің жерасты суымен қамтамасыз етілуі жақсы. Өздеріңіз білесіздер, мынау батыс өңірлерде біраз мәселе бар. Қазір енді жаңадан министрлік құрылды ғой, гидрогеологиялық қызмет құрылады деген жоспар бар. Бұл мәселеге де үлкен мән беріледі деген сөз», - деді комитет басшысы.
Ерлан Ақбаров жерасты суларын зерттеу қызметі Су ресурстары министрлігіне өтуі мүмкін екенін айтады.
«Әзірге жерасты суын зерттеу, оның қорын қадағалау біздің құзырымызда. Су ресурстары министрлігі гидрогеологиялық қызмет құратын болса, аталған міндеттердің бәрі, яғни біздің бірқатар функциямыз сол ведомствоға өтуі мүмкін», - деді Геология комитетінің төрағасы.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.