Қазақстандағы жергілікті жолдардың 91%-ы жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жергілікті маңызы бар автожолдардың жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары мыңдаған шақырым жол жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Негізгі назар елді мекендердің көлік қатынасын қамтамасыз ететін, аудандар арасындағы байланысты жақсартатын және негізгі көлік бағыттарына шығуды қамтамасыз ететін жол учаскелеріне аударылып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Фото: ҚазАвтоЖол

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда ұзындығы 70 мың шақырым болатын жергілікті жолдардың 63,7 мың шақырымы немесе 91%-ы нормативтік жағдайға келтірілген. Салыстырмалы түрде, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 85% болған.

2023–2025 жылдары жергілікті жолдардың 13,3 мың шақырымы жөндеу және жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның 10,6 мың шақырымы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы 4,9 мың шақырымда, 2024 жылы 4,3 мың шақырымда, 2025 жылы 4,1 мың шақырымда тиісті жұмыстар жүргізілді.

Жұмыстар биыл да жалғасып отыр. 2026 жылы жергілікті маңызы бар тағы 2,4 мың шақырым жол жөндеу және жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылды.

Бұл ретте мақсат жекелеген проблемалы учаскелерді жөндеумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет — алдағы жылдарға тұрақты әрі сапалы жол желісін қалыптастыру. Осыған байланысты жолдардың техникалық жағдайын кезең-кезеңімен жақсарту, оның ішінде қиыршықтас және тас материалдардан жол жамылғысын төсеу көзделген.

— Жалпы, талаптарға сәйкес келтіру үшін шамамен 14 мың шақырым жергілікті жолды қамту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды іске асыру 2029 жылға қарай нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Осылайша, жергілікті жолдарды дамыту бір реттік жөндеу жұмыстары емес, жүйелі түрде жүзеге асырылатын ұзақ мерзімді үдеріске айналуда. Негізгі бағыт — ең проблемалы учаскелерді қалпына келтіруден бастап, жол желісін кешенді жақсартуға және елді мекендер арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге дейінгі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу.

Еске сала кетейік, бұған дейін жол жөндеуге 10 млрд теңге тиімсіз бөлінгені анықталғанын жазған едік.