Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы тоғыз айда жылыжайларда қызанақ жинау көлемі 29,7 пайызға артып, 93,8 мың тоннаға жеткен. Ал қияр өнімі 21,5 пайызға өсіп, 68,9 мың тоннаны құрады.
Жылыжай көкөністерін өндіру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде жалпы өнімнің 54,5 пайызы немесе 90,9 мың тоннасы жиналған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға артық.
Шымкентте де айтарлықтай өсім байқалады. Қалада жылыжай өнімінің көлемі төрт есе артып, 18,2 мың тоннаға жеткен. Алматыда өнім жинау 60,2 пайызға, Атырау облысында 72,6 пайызға өскен.
Сонымен қатар Шымкентте жылыжай қызанағын жинау көлемі тоғыз еседен астам ұлғайған. Былтырғы 1,6 мың тоннадан биыл 15 мың тоннаға дейін жеткен. Ал қызанақ өндіру көлемі бойынша Ақтөбе облысы 11,6 мың тонна көрсеткішпен үшінші орынға шықты.
Өндіріс көлемінің өсуімен қатар жылыжай аумағы да кеңейіп келеді. 2026 жылдың үшінші тоқсанында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары көкөніс өсіруге 7,9 млн шаршы метр жылыжай пайдаланған. Бұл былтырғыдан 2,5 есе көп.
Елдегі жылыжай аумағының 70 пайызға жуығы Түркістан облысына тиесілі. Екінші орында Шымкент қаласы тұр. Мұнда жылыжайлардың жалпы аумағы 676,2 мың шаршы метрге жеткен.
Сонымен бірге кейбір өңірлерде жылыжай аумағы қысқарған. Ең үлкен төмендеу Жамбыл облысында тіркелді — 6,7 есе. Жетісу облысында жылыжай аумағы 29,2 пайызға, Маңғыстау облысында 28,3 пайызға, Астанада 20,4 пайызға азайған.
Отандық өндіріс көлемі артқанына қарамастан, Қазақстан көкөніс импортын да көбейтіп отыр. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында елге 9,2 мың тонна қияр мен корнишон әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 пайызға көп.
Сарапшылардың айтуынша, қыс айларында қияр мен қызанақ импорты айтарлықтай артады. Бұл суық мезгілде отандық өндіріс ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін аңғартады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жылына 191 мың тонна көкөніс өндіретін екі ірі жылыжай салынатынын жазғанбыз.