Ведомствоның хабарлауынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар алғашқы нәтижесін көрсетіп отыр.
— Негізгі жетістіктердің бірі — 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардағы апаттылық деңгейінің төмендеуі. Жол-көлік оқиғаларының саны 5%-ға қысқарды. Бұл бағыттағы жұмыстар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті Көлік министрлігінен.
Министрлік мәліметінше, жол апаттарының себептеріне жүргізілген талдау олардың басым бөлігі жүргізушілердің тәртібіне байланысты екенін көрсеткен.
Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жүргізушілердің жолдағы тәртіпті сақтамауынан болады.
Осыған байланысты негізгі бағыттардың бірі ретінде жылдамдық режимін бақылау күшейтілуде.
— Орташа жылдамдықты тіркеу жүйесі бүгінде 2 мың шақырым ақылы автомобиль жолында енгізілді. Нәтижесінде аталған учаскелерде жол апаттарының саны 15%-ға төмендеді, — деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, Жетісу облысында жыл басынан бері 500-ден астам жол апаты тіркелді.