Қазақстандағы ЖОО-ларда оқу ақысы қанша тұрады

Коллаж: Kazinform / Canva

АСТАНА. KAZINFORM - Қазіргі кезде еліміздегі көп университет оқу ақысы туралы ақпараттарды бөлісіп жатыр. Кейбір оқу орындарында жоғары білім алу бірнеше миллион теңге тұрады, деп хабарлайды Kazinform тілішсі.

Бакалавриатқа түскен бірінші курс студентінің оқу ақысын салыстырдық. Университеттер 2025-2026 оқу жылдарының ақысы туралы ақпаратты ресми сайттарға жариялады. Оқу ақысына талдау жасау кезінде ұлттық жоғары оқу орындары мен аймақтық оқу орындары туралы ақпарат сараланды.

Бәрінен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу арзанға түседі. Мұнда оқу ақысы 500 мың теңгеден басталады. Бұл ақшаға тек мейірбике ісі мамандығын алып шығуға болады. Ал өзге мамандықтардың оқу ақысы 1,1 млн теңгеден басталып, 1,7 млн теңгеге дейін жетеді.

Келесі орында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тұр. Мұнда жыл сайын 505 200 теңге төлеп педагогика мамандығын меңгеруге болады. Ең жоғары оқу ақысы – 812 500 теңге. Бұл инженер, ақпараттық-коммуникациялық технология мамандығын меңгерісі келетін адамдарға арналған оқу ақысы.

Ал А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде көп мамандықты игеру құны - 535 200 теңге. Мұнда болашақ педагогтер білім алады. Филология, ауыл шаруашылығы маманы, инженер мен бизнесті де меңгеруге болады.

С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлкеттік медициналық университетінде білім алу сәл қымбат. Мұнда ең төмен оқу ақысы – 550 мың теңге. Бұл ақшаға тек мейірбике ісі мамандығын алып шығады. Дәл осы мамандықты қысқа уақытта меңгеріп алуға болады. Ал медицина, педиатрия, клиникалық психология, сонымен бірге мейірбике ісі мамандығының толық курсының бағасы миллион теңгеден жоғары. Ең қымбаты - стоматология мамандығы. Оқу ақысы жылына – 2,1 млн теңге.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде баға қолжетімді. Мұнда екі ғана баға бар. Олар: 560 мың және 63 мың теңге. Өнер және гуманитарлық ғылым, сонымен бірге жаратылыстану, математика, статистика және қызмет көрсету саласына баға төмен. Ал педагогика, бизнес, басқару және құқық, инженер, журналистика мамандығын меңгеру сәл қымбат.

Торайғыров университетінде де баға осы шамалас. Мұнда оқу ақысы 596 200 - 624 800 теңге аралығында. Мамандыққа, соның ішінде техникалық салаға таңдау көп. Павлодар өндірісті аймақ болған соң техникалық сала маманына үнемі сұраныс жоғары.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде оқу ақысы 609 840 теңгеден басталады. Бұл ақшаға бизнес және басқару мамандығын меңгеруге болады. Ал өзге мамандықтың көбі 805 860 теңге деп белгіленген.

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде педагогика мамандығын меңгеру құны 697 мың теңгеден басталады. Мұнда мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерін, бастауыш сынып және түрлі пәннен сабақ беретін мұғалімдерді дайындайды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде баға жоғары. Мұнда оқу ақысы 831 мың теңгеден басталып, 1 028 500 теңгеге дейін жетеді. Ең қымбаты – артитектура.

Фото: Kazinform

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып, педагог атануға болады. Мұнда ең төменгі оқу ақысы 900 мың теңге. Ең қымбаты өнер және гуманитарлық ғылым саласы. Жылдық оқу ақысы – 1 130 00 теңге.

Satbayev University-де оқу ақысы 905 760 – 1 278 060 теңге аралығында. Мұнда бакалавриатта 72 мамандық бар.

С.Демирел университетінде оқу ақысы миллион теңгеден жоғары. Алматы қаласы маңындағы университетті таңдаса оқу ақысы 1 080 000 – 2 400 000 аралығында.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бакалавр мамандықтарын оқу 1 350 00 теңгеден басталды. Мұнда педагогика, өнер және гуманитарлық ғылым, әлеуметтік сала, жаратылыстану ғылымы, қызмет көрсету, бизнес, басқару және құқық мамандықтарының оқу ақысы 1 600 00 теңге.

Нархоз университетінде оқу ақысы 1 кредит жүйесі бойынша есептеледі. 1 кредит құны - 23 000 – 38 700 теңге аралығында. Жылына орта есеппен 60 кредит алса, оқу ақысы 1 380 000 – 2 322 000 теңге болып шығады.

Назарбаев университетінде оқу ақысы доллармен есептеледі. Бакалавр мұнда жылына 15 мың доллар болып тұр. Қазақстандықтар оқу ақысын теңгемен төлейді. Доллардың курсы әзірге 511 теңге деп есептелген. Жоғары оқу орнында білім алу - 7 665 00 теңге.

Еліміздегі ең қымбат жоғары оқу орны – КИМЭП университеті. Мұнда 1 кредит құны 145 090 теңге. Оқу ақысы жылына - 8 705 400 теңге.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.