«2015 жылдың қыркүйегінде елімізде әлемдік деңгейлі колледждер іске қосылады, яғни Астана мен Алматы қалаларында осы колледждерде оқыту басталады. Сонымен қатар, колледждер жанына құрылатын барлық 6 мектепке де оқушылар қабылдау жүзеге асырылады. Ашылатын колледждердің жалпы жобалық қуаты 3 мың адамнан асады. Ал басқа өңірдегі орталықтар нысандарын толығымен іске қосу 2017 жылға жоспарланып отыр», - деді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ Басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, Атыраудағы өңіраралық орталықта қазірдің өзінде 600 оқушы білім алуда. Бұл үшін политехникалық колледждерге 12 білім бағдарламасы да әзірленіп, сұранысы жоғары үш жетекші мамандық тізімі айқындалды. «Өңірлерде әрбір колледжді құру сатыларына барынша мән береміз. Соның ішінде ең алғашқы күннен бастап, жұмыс берушімен тығыз байланыста болмақпыз. Өңір бойынша ең өткір, тапшы әрі сұранысқа ие мамандықтар айқындалып, колледждерде сондай мамандықтарға басымдық беріледі. Бұдан соң, жұмыс берушілермен бірлесе отырып, олардың колледж бағдарламасына қоятын талаптары анықталады, мұнымен қоса, жұмыс берушілер өздерінің өндірісінде қолданылатын технологиялық үдерістерін де толық ұсынады. Ең ақыр аяғы жұмыс берушілер әрбір студенттің мамандығына қатысты қандай дағдымен машықтануы тиістігін де тәптіштеп береді. Осыдан кейін ғана біз шетелден әріптесті таңдап, білім беру үдерісіне кірісеміз», - дейді Э. Сәдуақасова.