Қазақстандағы алғашқы ветеринарлық қызмет көрсету орталығы ашылады - Ақмола облысы

КОКШЕТАУ. КАЗИНФОРМ - Ақмола облысында Қазақстандағы алғашқы ветеринарлық қызмет көрсету және оқыту орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиевке сілтеме жасап.

«Ақмола облысының сүт кластері мен Ақмола облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Украинаның Умань қаласында Қазақстандағы алғашқы ветеринарлық қызмет көрсету және оқыту орталығын ашу туралы украиналық сарапшы компаниясы «Dairy Global Experts»-мен (Украинаның сүт өндірісі қауымдастығы) келісімге қол қойды.

Ветеринарлық қызмет көрсету орталығы 2019 жылдың наурызынан бастап, өз жұмысын бастайды және сүт кластеріне қатысушыларға еуропалық стандарттың бірыңғай ветеринарлық сервисі бойынша қызмет көрсетеді», дейді М.Иғалиев Фейсбуктегі парақшасында.

Әкімнің орынбасарының сөзінше, екінші кезең бойынша Ақмола облысының сүт кластері шеңберінде бірыңғай оқыту орталығын қосу жоспарланып отыр.

«Агроқұзыреттілік саласында жұмысты дұрыс үйлестірудің арқасында Украинаның сүт өндірушілері қауымдастығы соңғы 10 жылдың ішінде бір сиырдан жылына орташа 8600 келі сүт алуда. Ал статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4400 келіден әрең асады. Сүт кластері шеңберінде Ақмола облысының агроқұзыреттілік арттыруда бірыңғай механизмдерді қолдану мәселесін жүйелі түрде ретке келтіру жоспарланып отыр», дейді М.Иғалиев.

Қазақстандағы алғашқы ветеринарлық қызмет көрсету және оқыту орталығын ашу туралы келісімге Ақмола облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Беков және «Гормолзавод» ЖШС директоры Әсен Жақсылықов қол қойды.

Айта кетейік, «Ақмола облысының сүт кластері» қауымдастығы 2019 жылдың ақпан айында құрылған болатын.