Қазақстандағы ауа райы мәліметтерінің шынайылығы ары кеткенде 80 пайызды құрайды

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандағы ауа райы мәліметтерінің шынайылығы ары әрі кеткенде 80 пайызды құрайды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Анатолий Дерновой айтты.

Оның сөзіне қарағанда, республикамызда ауа райын болжайтын орындар жетіспейді. Мәселен, бүгінде елімізде осындай 259 орын бар, алайда бұл көрсеткіш кеңестік кездегіден үш еседей аз. А. Дерновой осы олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын атап көрсетті. «Қазіргі уақытта Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ауа райының жағдайын автоматтандырылған бақылауды қалыптастыру бойынша салмақты шараларды қабылдап жатыр. Бұл өз кезегінде ауа райы болжамдарының шынайылығын айтарлықтай арттыратын болады», - деді ол.