Қазақстандағы авиакеросиннің бағасын төмендету ішкі рыноктағы тұтыну көлемінің азаюына алып келуі мүмкін - С.Мыңбаев
17:01, 21 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев Қазақстандағы авиакеросиннің бағасын төмендету оны тұтыну көлемінің азаюына алып кетуі мүмкін деп санайды.
Ол бұл пікірін бүгін Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтіп жатқан министрліктің 2008 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бүгінгі алқада С. Мыңбаев Көлік және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқасында Үкімет басшысының еліміздегі авиакеросин бағасының жоғары болуына байланысты тексеру жүргізу туралы тапсырмасын еске салып өтті.Оның айтуынша, 2008 жылы Қазақстанда авиакеросин өндірісі айтарлықтай өсіп, 2007 жылмен салыстырғанда 54,2 пайызға артқан. «Бұл ретте авиакеросинге деген ішкі сұранысты отандық өндіріс толық қанағаттандырмауда. Ресейден тұтыну көлемінің 30 пайызын импорттауға тура келіп отыр. 2007 жылы авиакеросиннің импорты тұтыну көлемінің 50 пайызын құрады», деді министр. Министр сөзіне қарағанда былтыр жыл бойына еліміздегі авиакеросиннің бағасы айтарлықтай тұрақты болған. Тек желтоқсанда бұл отын түрінің 1 тоннасының бағасы орта есеппен 507,2 долларды құраған. Бұл Еуропалық бағадан 40 долларға жоғары. Дей тұрғанмен, Ресейдегі авиакеросиннің бағасы бізден де жоғары екендігіне тоқталған С. Мыңбаев, «Мұндай жағдайда біздің ішкі рыноктағы авиакеросиннің бағасын төмендету оңай шаруа емес. Бір жылдың ішінде Ресейден Қазақстанға импортталатын авиакеросин 20 пайызға қысқарды», дейді. С. Мыңбаевтың айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстандағы авиакеросиннің бағасын төмендету ішкі нарықтағы тұтыну көлемінің азаюына алып келуі мүмкін. Мұндайда жағдай күрделене түспек. Сондықтан бұл отын түрінің бағасын төмендету мұқият мониторингті қажет етеді.