Қазақстандағы әйелдердің ең танымал ток-шоуына 1 жыл толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізге танымал болған «Әйел бақыты» ток-шоуының эфирге шыққанына 1 жыл толды. Бұл - аруларымыздың жан дүниесімен бөлісіп, басына түскен қиындығын ашық айтуға мүмкіндік беретін айрықша жоба. Бағдарламаға қазіргі күннің алғыр бойжеткенінен бастап, ауылдағы қарапайым қазақ келіндері мен қаладағы іскер әйелдердің бастарынан өткен шынайы оқиғалар арқау болды, деп хабарлайды «Қазақстан» ТРК баспасөз қызметінен.

Бүгін, 12 қыркүйекте «Әйел бақытына» 1 жыл бойы қатысқан әйелдер мен бағдарламаның тұрақты көрермендері санатынан 60-қа жуық адам «Казмедиа орталығы» кешенінің маңына жиналып, бағдарламаның бір жылдық қорытындысын шығарды, болашаққа ұсыныс-тілектерін білдіріп, естелікке суретке түсті. Ал осы уақытта студияда 40 минуттың ішінде салмағы 15 кг болатын мерекелік торт әзірленіп үлгерді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 жыл ішінде 224 бағдарлама әзірленіп, эфирге шықты. 500-ден астам кейіпкер студияда тікелей эфирде жасандылықтан алшақ шынайы әңгімесін баяндап, басым көпшілігі сарапшы мен көрермендердің көмегіне жүгініп, қордаланған мәселелерін шешуге мүмкіндік алды. Студияға келген қыз-келіншектердің әрбір төртіншісі нәтижесінде тұрмыс құрып, өз жолын тапса, әрбір үшіншісі қызметте өсу жолын айқындады.

Студияда біршама эксклюзивті сұхбат та ұйымдастырылды. Мысалы, Қарақат пен Қыдырәлі Болманов төртінші балаларын тұңғыш рет тікелей эфирде «Әйел бақыты» бағдарламасы арқылы ел алдына таныстырса, Наурыз айы мерекесінде құрт жасаудан тікелей эфирде рекорд орнатылды. Танымал дизайнер Фариза Сұлтан мен әнші, продюсер Сиви Махмуди эксклюзивті авторлық көйлектерін мектеп бітіру кеші қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен ана мен бойжеткенге тарту етті. Халық әртісі Роза Рымбаева тұңғыш рет студияда тікелей эфирде ас мәзірін жайғастырды.

«Әйел бақыты» бағдарламасы арқылы «Аяқ киімің тар болса», «Бет күтімі», «Шаш күтімі», «Әйелдер журналы» ұсынылды. Нәтижесінде, үй жағдайындағы күтім тақырыптары қашанда өзекті екені анықталып, осы маусымнан бастап бағдарламаның бес күндік шығарылымы бес түрлі бағытқа жоспарланды. Дүйсенбі күнгі эфир ана мен бала күтімі, денсаулық, жүктілік, бала тәрбиесіне, сейсенбілік саны отбасылық өмір, қарым-қатынас, некедегі адалдық, ерлі-зайыптылардың түсіністігіне, сәрсенбі күн әйелдер құқығына, бейсенбі қыз тәрбиесі, бүгінгі қазақ қызының келбетіне, жұма күнгі хабар танымды тележурнал болып ақпараттар топтамасына арналады.