Қазақстандағы банктердің жағдайы тұрақты - Д. Ақышев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы банктердің жағдайы тұрақты. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев осылай мәлім етті.

Бас банкирдің айтуынша, банктер кредиттерінің көлемі 2016 жылғы қаңтарда 1,3 пайызға ұлғайып, қаңтардың соңында 12,8 трлн теңгені құрады. «Қазіргі уақытта жағдай толығымен тұрақты. Банктердің кредиттік белсенділігін реттеудің контрциклдық тәсілін ескере отырып қолдау үшін 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап реттеушілік сипатындағы бірқатар жеңілдіктер жасалды. Сонымен қатар, банктердің жоғары тәуекелді операциялары бойынша меншікті капиталға күшейтілген талаптар енгізілді және жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету бойынша акционерлердің жауапкершілігі реттелді», дейді Д. Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық Банк күн сайын жағдайды қадағалап отырады, әлеуетті ішкі және сыртқы тәуекелдерді толық түсінеді және экономиканың ұзақмерзімді орнықты өсуін қамтамасыз ету мақсатында ақша-кредит саясатына сәйкес шаралар қабылдайды.

«Ұлттық Банк макроэкономикалық тұрақтылықты және теңгерімді әрі орнықты бюджетті қамтамасыз етуге бағытталған енгізілетін өзгерістерді қолдайды», - деп қорытындылады Данияр Ақышев.