Қазақстандағы барлық мешіттерде жұма намазы алдында қаржы дағдарысы және ислам тағлымдары туралы діни уағыз айтылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қазақстандағы барлық мешіттерде жұма намазы алдында «Әлемдік қаржы дағдарысы және ислам тағлымдары» деген тақырыпта діни уағыз айтылды.

Оны Алматы қаласындағы Орталық мешіттің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өздеріңізге белгілі, әр жұма намазы алдында бізде имам мінберге шығып жарты сағат уағыз айтады. Бүгінгі тақырып «Әлемдік қаржы дағдарысы және ислам тағлымдары» болды. Алматы қаласында ғана емес Қазақстандағы барлық мешіттерде осы тақырыпта уағыз жүргізілді. Өйткені қазіргі болып жатқан әлемдегі жағдай біздің мемлекетімізге де өз әсерін тигізуде. Сондықтан бұл жерде мұсылман кісілер, соның ішінде еліміз осындай қиын уақытта қандай жағдайда болуы, жолды қалай ұстануы керек деген сұрақтарға жұма уағызында жауаптар айтылып, халықты сабырлылыққа шақырамыз», дейді Құлмұхамбет Махамбет. Оның айтуынша, Алла тағала әртүрлі жағдаймен адам баласын сынайды. Мұсылман баласы бұл сынақтан қорықпайды. Қасиетті Құран кәрімнің Бақара сүресінің 155-ші аятында жаратушы Алла тағала бұйырады. «Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді, өздеріңді әрі өлімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. Сен, Мұхаммед, осыларға сабыр көрсеткендерді сүйіншіле», деді. Бұл дағдарыс Қазақстанның ішінде болып жатқан жағдай емес, өздеріңізге белгілі, сырттан келген жағдай. Егер өз ішімізде ынтымақ, бірлік болмай бара жатқан жағдайда әрине жағдай бұдан да қиын болатын еді. Әлһамдулла, Қазақстан қазір әлемге ынтымақ, бірлік жағдайында үлгі болып отыр. Еліміз дінаралық келісім жөніндегі үшінші әлемдік және дәстүрлі діндердің сьезіне дайындалып жатыр. Еліміз үшін экономикалық дағдарыстың рухани дағдарысқа ауысып кетпегені маңызды. Өйткені рухани дағдарыс одан да ауыр нәрсе. Сондықтан да сынаққа төтеп беру үшін ең бірінші біз жамағатты сабырлылықққа шақырамыз. Сабыр деген иманның жартысы. Алла тағала сабыр етушілерді сүйеді. Қазақта «сабыр түбі - сары алтын» деген жақсы сөз бар. Оған мұсылмандар ешқандай күмәнданбайды. Бұл жағдайда біз халқымызды имандылыққа, инабаттылыққа шақырамыз, дейді Қ. Махамбет.