Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарының жағдайы өзгелерден әлдеқайда жақсы ? БҰҰ-ның өкілі

None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мен әлемнің түкпір-түкпірінде болдым. Сондағы көптеген мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдай айтарлықтай жақсы.
Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттері мен жазалау түрлері мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новак елдегі жағдайға осындай баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы тергеу изоляторларында немесе уақытша оқшаулау орындарында болсын, барлығының да арнайы жататын жері мен төсек-орындары бар. Сонымен қатар ондағы азаматтардың таза су мен өзге де тұрмыстық қажеттіліктерге қолдары жетімді. Оның үстіне күніне үш мезгіл тамақ беріледі. «Әрине, ондағы азаматтар тарапынан түсіп жататын шағымдар да жоқ емес. Дегенмен ол қалыпты жағдай. Ең бастысы, осы шағымдардың оңды шешімін табуында. Менің бұлайша сөйлеуімнің өзіндік себебі де бар. Көптеген мемлекеттердің қамау орындарында тіпті тамақ та бермейді. Оны қамауда жатқан азаматтардың туысқандары әкеледі. Ал мұндағы бас бостандығынан айыру орындары таза, гигиеналық жағдайы талапқа сай. Кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, денсаулық сақтауға байланысты жағдайды әлі де жетілдіре түсуге болар еді. Дегенмен онда ең басты деген базалық стандарттар қадағаланып отыр», - деді халықаралық ұйым өкілі.