Қазақстандағы бәсекелесін өлтірген Челябі бизнесмені сегіз жарым жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  РФ Челябі қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысын қазақстандық кәсіпкерді ұрлауда кінәлі деп тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Челябі облыстық сотының сайтына сілтеме жасап.

«Челябі облыстық соты 1975 жылы туған Андрей Ковешниковқа үкім шығарды. Ол күш қолданып адам ұрлау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, сондай-ақ атыс қаруларын, оқ-дәрі, жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау және қолдануда айыпты деп танылды»,-делінген Челябі облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.   

Ковешников РФ азаматы, жоғары білімді, бойдақ, коммерциялық ұйымның директоры, бұрын сотталмаған.

Сот 2013 жылы Қазақстан Республикасындағы  Рудный қаласында Ковешников  өзі жақтырмайтын таныс бизнесменді ұрлауды ұйымдастырғандығын анықтады. Бұл  үшін ұйымдасқан топ құрып, сол жылы 3 желтоқсанда бизнесменді ұрлап кетеді. Оған үйінің маңында шабуыл жасап, күшпен өз автомобиліне мінгізіп, орманға апарып өлтірген. 

 Алдын ала тергеу барысында Ковешников ұрланған бизнесменді өлтіруді ұйымдастыруға кінәлі деп тапқан. Бірақ сотта бұл нұсқа дәлелденбеді, Ковешников қылмыстың осы бөлігі бойынша ақталды.

 Ол сегіз жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

 Үкім күшіне енген жоқ.