Қазақстандағы бензиннің шекті бағасы көтерілді

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Мұнай және газ министрлігінде өткен кеңестің шешімі бойынша Қазақстандағы бензиннің шекті бағасы көтерілді.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес ағымдағы жылы еліміздегі жанар-жағар май құю стансаларындағы АИ-92/93 маркалы бензиннің бағасы 106 теңге, АИ-80 - 86 теңге және дизельді отын - 90 теңге болмақ.

Айта кетейік, кеше Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев еліміздегі жанар-жағар майдың шекті бағасы 1-2 күнде белгілі болады деп мәлімдеген. Оның айтуынша, енді Қазақстандағы бензиннің шекті бағасын ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, табиғи монополияларды реттеу агенттігі, сондай-ақ Мұнай және газ министрлігі белгілейтін болады. Министр бүгінгі кеңесте жанар-жағар майдың көтерме бағасы да келісіледі деп айтқан болатын.