Қазақстандағы босқындар саны 567 адамға жетіп отыр

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы босқындар саны 567 адамға жеткен. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Босқындар туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасына Үкіметтің берген қорытындысы бойынша, соңғы жылдары Қазақстандағы босқын деп танылған адамдар саны көбейген. Мәселен, елімізде 2007 жылы 528, 2008 жылы 451 босқын тіркелсе, 2009 жылғы қаңтардың 1-інде босқын деп танылғандардың саны 567 адамға жеткен. Заң қабылданса, бұндай мәртебеге ие болатындар саны да арта түсетінге ұқсайды. Қазақстан өзі қабылдаған халықаралық міндеттерге сәйкес босқындарды қабылдап, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуын қамтамасыз етеді. Мұндай босқындар мәртебесі бір жылға беріліп, жыл сайын аумақтық органдармен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитетімен талқыланып отырады. Қазіргі күні Қазақстанда тіркелген босқындардың басым бөлігі - Ауғанстан елінің азаматтары. «Қазақстан өзінің географиялық орналасуына қарай солтүстік пен оңтүстік аралығындағы транзитті бекет болып табылады. Нәтижесінде, босқындардың республикамызға келуі ? халықтың жалпы көші-қон үдерісіндегі заңды құбылысына айналып отыр», делінген Үкіметтік қорытынды жазбада.