АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Францияда басталған футболдан Еуропа чемпионаты әлемдегі спортсүйер қауымның назарында. Оның ішінде біздің жанкүйерлеріміз де бар. Биылғы EURO 2016 ойындарында жанын салып жүрген ұлттық командалары туралы тілшіміз елдегі 11 дипломаттың ойын-пікірін білген болатын.
Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісінің орынбасары Сара Пикеринг: «Астанадағы Ұлыбритания Елшілігіне Еуро-2016 чемпионатына қатысып жатқан Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия құрамаларының ойын өрнегін тамашалаудың сәті түсіп отыр. Біз әрбір турнирге әруақытта да зор үмітпен келеміз. Дегенмен, біздің соңғы зор жетістігіміз осыдан тура 50 жыл бұрын әлем чемпионатындағы жеңісіміз болған еді. Дегенмен біз оптимистік көңіл-күйдеміз. Уэльс құрамасы жақсы бастады. Англия чемпионатқа ең жас құрамасымен шықса, ал Солтүстік Ирландия Польшаға қарсы ойыннан да жақсы ойын өрнегін көрсете алар еді. Оны Украинаға қарсы ойында көрсете алды. Өзіме қатысты айтар болсам, менің әжем ирландиялық, өзім Венгрияда, Украинада тұрдым. Яғни, менің мұнан да бөлек жанкүйер болуға тұрарлық командаларым жеткілікті».
Украина елшілігінің баспасөз хатшысы Ирина Блащук: «Украинаның Ұлттық құрамасының қазіргі құрамы Михаил Фоменконың жетекшілігімен украиналық футболдың дарынды буынды жиды.
Еуро 2016 аясындағы алғашқы кездесуін Украина қазіргі әлем чемпионы Германия командасымен өткізді. Жеңілгеніне қарамастан, спортшылар жақсы ойын көрсетті. Украиналықтар командамыздың ойынын мақтан тұтады. Мамандар украиналықтар Еуро сынында жеңіске жетеді деп ойламайды, алайда әрдайым соңына дейін ойнау керек. Өйткені футбол ойынының соңын болжау мүмкін емес».
Франция Елшісі Франсис Етьен: «Франция құрамасы Еуро 2016 финалына шығады және осы матчты жеңеді».
Швейцария Елшісі Мауро Рейна: «Біздің ұлттық команданың байқалып тұратын ерекшелігі ол түрлі ұлттардан жасақталуы. Швейцарияның ұлттық құрамасының көп спортшысы шет елдерде ойнайды. Біз екі қызықты матч өткіздік. Алайда бізде гол салуда сәтсіздіктер болды. Мен өмірге шынайы қараймын, алайда ұлттық командамыз жартылай финалға жетсе қатты қуанар едім».
БҰҰ Жоғарғы комиссар басқармасының Орталық Азиядағы босқындар істері бойынша өңірлік координаторы Бернард Дойл: «Менің елімде, Ирландияда футболдың үш түрін ойнаймыз. Кең тарағаны - галль футболы. Оны тек Ирландияда ғана ойнайды, сондықтан футболдың бұл түрі бойынша әрқашан чемпионбыз. Футболдың екінші түрі регби. Біздің құраманың бұл ойындағы жетістіктері жаман емес, кей кезде, тіпті, чемпион атанып жатамыз. Әлемдегі дәстүрлі футбол үшінші орында. Шынымды айтсам, әлемдік және Еуропа чемпионаттарында сирек сәтті өнер көрсетеміз. Оған қарамастан, ирландиялық жанкүйерлер ұлттық құраманы жақсы қолдайды. Швециямен кездесуде тең түстік. Біз осыған да разымыз. Енді Бельгиямен, кейін Италиямен сайысамыз. Ойын қалай аяқталатынын кім білсін, кейде ғаламат нәрселер орын алып жатады!»
Польша елшісі Мацей Ланг: «Біздің пайымдауымша командамыздың қауқары әлі таусылмаған. Сондықтан поляк футболшылары өз тобынан шығатынан күмән жоқ, ары қарайғы ойын қандай қарсылас түсетініне байланысты. Командалардың жартысына жуығы біздің деңгейде. Біз жартылай финалға шығуға барынша үміттіміз».
Венгрия Елшісі Андраш Барани: «Біздің ұлттық командамасыз Австриямен өткен бастапқы ойында 2-0 есебімен жеңіске жеткеннен кейін көптеген қазақстандық достарымнан құттықтау алдым. Олар 15-20 адам болып топтасып, Венгрияға жанкүйер болғандығын айтуда келесі күні Австрия Елшісі де мені құттықтады. Онымен жылы қарым-қатынастамын және аздап қалжыңдасып та алдық. Өздеріңіз де білетіндей, ертеректе біздің елдеріміз тұтас мемлекет болған еді. Әлі күнге дейін арамызда ерекше байланыс орнаған. Венгрия соңғы рет Еуро чемпионатының финалдық кездесулеріне осыдан 44 жыл бұрын қатысқан еді. 30 жыл уақыт өтсе де Мексикадағы әлем чемпионатындағы соңғы ойынымыз жадымда жақсы сақталыпты. Ол кезде бастапқы ойында Кеңес одағына 0-6 есебімен есе жіберген едік. Сондықтан да бірнеше жылдан кейін венгерлік команданың қатысып қана қоймай бірінші ойынында жеңіске жетуіне қуаныпта, мақтанып та отырмыз. Біздің елордамыз Будапеште осы жеңістен кейін нағыз мереке фестивалі басталды. Жанкүйерлер көптігінен тіпті қалалық қоғамдық көлік қозғалысын да тоқтатуға тура келді. Қазіргі уақытта біз келесі маңызды кездесу Исландия құрамасымен ойынға дайындалудамыз және 1/8 финалға шықсақ да риза болар едік. Дегенмен, бірінші ойындағы венгерлік футболшылардың өнерінен кейін бізде спорттық тәбетіміз ашылды десек те болады. Сол себепті болжам жасай отырып, барлығының да орын алуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймын».
Швеция Елшісі Христиан Камилл: (күле отырып) «Өзінің күшті әрі қуатты екендігін көрсеткен Швеция жеңеді деп сеніммен айта аламын. Қатарымызда қазіргі футболдың маңдайалды өкілі Златан Ибрагимович ойнайды. Оның «Мен - Златанмын» кітабы Қазақстанның сауда сөрелерінде пайда болды. Дәл сондай фильм шықты, біз соны жақында Қазақстандағы көрермендерге ұсынбақпыз. Тоқетері біздің футболшылар жанкүйерлерімізді жерге қаратпайды деп ойлаймын».
Португалияның сенімді өкілі Аделину да Силва: «Біздің команда дарынды ойыншылардан құралған. Сондықтан бірінші матчтағы нәтижеге қарамастан, осы топтан келесі кезеңге шығатынымызды күту орынды.
Биыл командалардың дайындықтары жақсы болғандықтан, Еуропалық чемпионаттың деңгейі жоғары. Сондықтан бастапқы кезеңде де бәсеке мықты болады деп күтемін.
Футболда кездейсоқтық көп болғандықтан, нәтижелерін болжау мүмкін емес. Португалия командасы үздіктердің қатарында және біз әрқашан лайықты ойын көрсеттік. Бұл жолы да Роналду мен Ко өздерінің жанкүйерлерінің, соның ішінде Қазақстандағы фанаттарының жерге қаратпайды деп үміттенемін».
Түркия Елшісі Невзат Уянык: «Биылғы EURO ойындарында түркиялық ұлттық құрама үздіктердің қатарында болады деп ойлаймын және финалға жолдама алады деп үміттенемін. Мұндай болжамым қазіргі құрамада Еуропа мен Түркияның жетекші клубтарында ойнайтын Арда Туран сияқты жоғары дәрежедегі үздік түркиялық ойыншылардың жиналуына негізделген. Әр матчте футболдың қажетті атрибуты болуы тиіс Fair Play ережелерін сақтау керек».
Ресейдің сауда өкілі, Александр Яковлев: «Ресейлік команда өз тобында екінші орын алады, сол арқылы ширек финалға шығуға мүмкіндігі бар, тіптен соңғы ойынға жетуі мүмкін».
Сауалнаманы жүргізген: Ильяс Омаров
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.