Қазақстандағы Достық үйлерінің директорлары форумда бас қосты
Форум Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылды. Биылғы жылы мереке Өскеменде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен облыс орталығындағы Достық үйінің іргесінің қаланғанына 25 жыл толуына орай өткізіліп отыр.
Форум алдында этномәдени бірлестіктер көрермендерге ұлттық тағамдардан дәм таттырып, өз қолдарымен дайындаған ұлттық аспаптар мен киімдер, қолөнер туындыларын паш етті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко арнайы келді. Ол өз сөзінде халықтың бірлігі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырылу ісінде басты маңызға ие екенін атап өтті.
«Жыл сайын Шығыс Қазақстан елдің бірлігін нығайту тұрғысында саяси акциялардың бастамашысы болып келеді. Себебі, дәл осында халықтың бірлігі анық биік дәрежеге жеткен. Құрметті достар, бірлігіміз жарасқан осы өміріміз жалғаса берсін. Себебі, ынтымақ мемлекеттің болашағының кепілі», - деді Владимир Божко.
Шара барысында әртүрлі ұлт өкілдері қазақ, орыс, украин, татар, әзербайжан тілдерінде өлең оқып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Мереке соңында «Астана Опера» театрының солисі Сүндет Байғожин мен этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті.