Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов айтты, деп хабарлады Primeminister.kz.
«Инфрақұрылымдық жағынан Қазақстан электрондық коммерцияны дамытуға бұрыннан дайын. Егер интернет туралы айтатын болсақ, барлық технологиялар енгізілді», - деді С.Сәрсенов.
Вице-министрдің айтуынша, сәуір айының басынан бері Қазақстанда тұрғындардың 65,9 пайызы интернет пайдаланады. 10 млн-нан астам азамат интернетке ұялы телефондары арқылы шығады. 2012 жылдың соңына елімізде тіркелген орташа өлшенген интернет жылдамдығы - 18,3 Мбит/с, сыртқы - 7,4 Мбит/с құрады.
Сонымен қатар ол е-сауданы одан әрі дамыту үшін электрондық коммерция туралы заң қабылдап, төлемдік және логистикалық жүйелер енгізу қажеттігін де атап өтті.
«Қазір Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бұл мәселеге қатысты жұмыс жүргізіп жатыр, таяу жылда заң қабылданады. Қазақстанда бірыңғай төлемдік жүйені енгізу керек. Оған қатысты жұмыстарды ЭБЖМ Ұлттық банкпен бірлесіп жүргізуде. Және одан маңыздылығы кем емес мәселе - логистикалық жүйені құру. Мұнымен қазір «Самұрық-Қазына» айналысуда. «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазпошта» және авиатасымалдаушылар базасында осындай құрылым құрылады», -деп мәлімдеді С.Сәрсенов.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, осы үш фактінің бәрі де Қазақстандағы электрондық сауданы дамытуға айтарлықтай күш береді.
«Талдаушылардың мәліметінше, 2016 жылға қарай Қазақстандағы е-сауда нарығы 2,4 млрд долларды немесе жалпы ретейлден 2,5 пайызды құрайды. Мен барлық бизнесмендерді электрондық коммерциямен айналысуға шақырар едім. Бұл өте табысты және қызықты бизнес», - деді ККМ басшысының орынбасары С.Сәрсенов.