Онда атап көрсетілгеніндей, бес жылда елімізде 11 экологиялық сайт, яғни демалыстың туристік базасы құрылып, 15 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілген, нәтижесінде ауылдық экотуристік қызметтерді жеткізушілер 60 млн. теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап өтерлігі, аталмыш бағдарлама «ЭксонМобил Қазақстан Инк» компаниясының, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің және Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен жүзеге асырылды. 2004 жылы басталған Қазақстандағы экологиялық туризмді дамыту жөніндегі бастама ағымдағы жылы аяқталатын болады. Бастаманың мақсаты - ауылды өңірлердегі тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету және ауыл тұрғындары арасында экологиялық сана-сезімнің деңгейін арттыру болып табылады.
2009 жылы экологиялық туризм жөніндегі қоғамдастық үкіметтік емес ұйымдардың көмегінсіз туристік фирмалармен тікелей жұмыс істей бастады. «Экологиялық туризм жөніндегі қоғамдастық тұрақтылығын және өмірге қабілеттілігін көрсетуде. Бұл бағдарламаның маңызды жетістігі болып табылады», деді бүгінгі баспасөз мәслихатында Орталық Азияның Еуразия қорының президенті Джефф Эрлих.
Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ричард Хоугланд экотуризм ауыл-аймақтардың тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін, туризмнің есебінен тапқан ақша қаражаттарын елдің ішінде қалдыруға мүмкіндік беретін тұрақты экономикалық дамудың жарқын мысалы екенін атап көрсетті. Өз кезегінде Қазақстанның туристік қауымдастығының президенті Рашид Шәйкенова: «Біз жергілікті тұрғындарды өздерін қоршаған табиғатқа жауапкершілікпен қарауға ынталандыра және республикамыздағы халықтың арасында экологиялық білімді ілгерілете отырып жекелеген ауылдық жерлерде жеке кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасадық», деді.
Атап өтерлігі, бастама жүзеге асырылған уақыт ішінде Орталық Азияның Еуразия қоры Қазақстандағы сегіз экологиялық туристік демалыс базаларын дамытуға қолдау көрсеткен, сонымен қатар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауылдық экотуристік қызметтерді жеткізушілермен туристік фирмалар арасында қарым-қатынастар орнатуға жәрдемдескен.