Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігінің жобалар жөніндегі директоры Юлия Кучинская мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, «2012 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттардың сайлауына Сіз қатысасыз ба?» деген сұрақ бойынша ел тұрғындары арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде респонденттердің 57,5 пайызы нақты түрде өздерінің дауыс беруге қатысатындықтарын мәлімдеген. Ал сұралғандардың 12,2 пайызы «шамасы барармын» деп жауап берген.
Сонымен қоса, сауалнама нәтижелеріне жүгінген қоғамдық ұйым өкілі Ю.Кучинская бұған дейінгі мониторингтің қорытындыларымен салыстырғанда жұртшылық арасында электоралдық белсенділік пен саяси партиялардың рейтингілерінде өсім байқалатындығын алға тартады. Оның айтуынша, сауалнама сұрақтарына Қазақстанның барлық өңірлерінен және Астана мен Алматы қаласынан жалпы саны 1 мың 500 респондент қатысқан. Ал іріктеулерден кететін қателіктер плюс-минус 2,5 пайыз төңірегінде болатыны болжанады. Сауалнама «Қазақстанның азаматтық альянсы» Заңды тұлғалар бірлестігінің тапсырысы бойынша жасалған.