Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты - Н. Сәдуақасов

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер міндетін атқарушы Нұрлан Сәдуақасов мәлім етті.

«Республикамызда ағымдағы жылдың 7 айында тұрғындардың дифтерия, жұқпалы аурулармен ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалы тұрақты және биылғы көрсеткіштер өткен жылғы кезеңдерге қарағанда төмен болып отыр. Өткен 7 ай ішінде дифтерия, полиомелит, қылау, трихенеллез секілді және басқа да аса қауіпті жұқпалы, паразитарлық аурулардың жағдайы тіркелген жоқ. Жергілікті жерлерде атқарылған шаралардың арқасында бірқатар инфекциялар бойынша ауру көрсеткіштері төмендеді», - деді Н. Сәдуақасов.

Келтірілген мәліметтерге, қарағанда, биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 18 инфекция түрлері бойынша ауру көрсеткіштері азайған. Оның ішінде ботулизмге шалдығу 4,3 есеге, Конго-Қырым қанды безгегі 2,7 есе, сальмонеллез 35,6 пайызға, «А» вирусты гепатиті 31,1 пайызға, «В» вирусты гепатиті 26,5 пайызға, бактериялық дизентерия 15 пайызға, өткір ішек инфекциялары 13,1 пайызға, тыныс алу органдары туберкулезі 11,7 пайызға төмендеген. Бұл ретте қанды безгек 10 оқиғаға, листериоз 9 оқиғаға, эпидемиялық паротит және сібір жарасы 3 оқиғаға азайған.