Қазақстандағы Этно-мәдени бірлестіктердің жас өкілдері Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайды
Бүгін Астанада Қазақстан - 2020 демократиялық күштер жалпыұлттық коалициясын қолдау мақсатында өткен «Жастар ел бірлігі үшін» конференциясы кезінде этно-мәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының өкілдері Қазақстан жастарына үндеу жариялады.
«Қазақстан халқының достастығы - ең үлкен игілік, барлық жетістіктеріміз бен өзгерістеріміздің негізі. Бүгінгі күні қоғам тұрақтылығының арқасында экономикамыздың өсуіне себепкер болып, қоғамның әлеуметтік мәселелерін нақты шешіп жатырмыз. Ұлтаралық келісім- Қазақстан жетістігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады»,-деді Астанадағы Ұйғыр мәдениеті орталығының жас өкілі Нұрғизам Махмұдова үндеу мәтінін оқу барысында.
«Біздің міндетіміз, жастардың міндеті - елдегі тұрақтылықты, өзара түсінушілікті, тыныштықты сақтып, одан әрі ұлғайту. Көптеген елдердің арасында алға шыққан туған жеріміз - Қазақстанымыз бен еліміздің дамуы мен өркендеуіне баға жетпес үлесін қосқан Елбасымызды мақтан тұтамыз. Алдарына қойылған міндеттері ортақ Қазақстанның барлық жастарына бірігіп, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдауға шақырамыз»,-делінген үндеуде.