Қазақстандағы Германия елшісі Райнер Шлагетер ЕҰУ студенттері алдында дәріс оқиды

АСТАНА. 8 наурыз. ҚазАқпарат. 9 наурыз күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы Германия елшісі Райнер Шлагетер «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында «Германия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас - тарихы, жетістіктері мен деңгейі» атты тақырыпта дәріс оқиды.

Елші Райнер Шлагетерөз дәрісінде саясаттан бастап, экономика, сауда, «қоғамдық дипломатия» мен мәдениетке дейінгі аралықтағы сан сауалға жауап береді.

Естеріңізге сала кетейік, жобаның алғашқы бөлімін салтанатты түрде өткен жылдың 24 қарашасы күні Қазақстан Республикасындағы Еуроодақ елшісі Норбер Жустен мырза бастап берген болатын. Бүгінде «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» атты жобаға қатысуға Финляндия, Чехия Республикасы, Швеция, Венгрия, Ұлыбритания, Румыния, Литва, Франция, Италия, Нидерланды, Бельгия, Польша мемлекеттерінің елшілері ниеттерін білдіріп отыр. Еуроодақ мемлекеттерінің түрлі салалары бойынша оқитын мәртебелі елшілердің дәрістері оқу жылының соңына дейін (2010-2011) жалғасады.

Оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен магистранттар, докторанттар өздерін қызықтырған сауалдарын елшілерге қоюға мүмкіндіктері бар. Ал елшілердің дәрісінен алынған құнды ақпараттар болашақта көптеген ғылыми жұмыстарға арқау бола алады.