Қазақстандағы инфляция мамырда 14 пайызға дейін ұлғайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы инфляция мамырда 14 пайызға дейін ұлғайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде биылғы сәуірде 13,2 пайыздан 14 пайызға дейін қарқын алды. Айлық инфляция сәуірдегі 2 және наурыздағы 3,7 пайызға қарағанда, мамырда 1,4 пайызға баяулады. Бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәндерден асып отыр. Айлық инфляцияның баяулау қарқыны бір жағынан оң фискалдық импульс аясындағы тұрақты ішкі сұранысты, екінші жағынан жоғары инфляциялық күтулерді көрсетеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, жылдық мәнде 19 пайызға жеткен тамақ өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосып отыр.

«Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетуде, олардың өсуі 11,1-ден 11,9 пайызға дейін қарқын алды. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9-дан 9,1 пайызға дейін өсті», - деді Ғалымжан Пірматов.