деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі күні Қазақстанда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, соның ішінде Каспий теңізі өңірінде үлкен кендерді игеріп, экономиканың дамуына қомақты үлес қосып жатқан ірі компаниялар да баршылық. Сондай кәсіпорындардың қарамағында 10 мыңдаған жұмысшы еңбек етеді. 2005-2007 жылдары осы аймақтағы Теңіз кенішінде қазақ жұмысшылары мен шетелдіктер арасында үлкен жанжал орын алғаны баршамызға белгілі. Бұның себептерін талдау барысында осындай маңызды, үлкен, стратегиялық нысандарды күзету жекеменшік күзет фирмаларына берілгені, олардың қауіпсіздік мәселесіне жете назар аудармағаны байқалды. Ал Ішкі істер министрлігіне қарасты мемлекеттік күзет қызметі бұндай стратегиялық нысанға қатыстырылмай қалған», деді сенатор.
Оның айтуынша, бұндай ауқымды стратегиялық нысандар негізінен мемлекеттік күзет қызметімен қамтылуы тиіс. Сенатордың сөзіне қарағанда, дәл осындай Үкімет қаулысы болғанымен де, атқарушы биліктің тағы бір қаулысы бұған қарама қайшы келіп тұр. «Үкіметтің екінші қаулысында осындай стратегиялық нысандарды жеке күзет қызметіне берсе де болады деп көрсетілген. Нормативтік құқықтық актілердегі бұндай қайшылық жаппай тәртіпсіздікке жол беріп қойғаны бір рет емес, ал сол туралы бірнеше мәрте мәселе көтерілгенімен де, тиісті шара қабылданбай келеді», деді С. Еңсегенов.