Қазақстандағы Италия елшісі ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктерін бағалады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР-дағы Италия Төтенше және Өкілетті елшісі ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктерін бағалады. Облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов пен елші Стефано Раваньянның кездесуінде әңгіме екіжақты ынтымақтастық жайында өрбіді.

Агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тоқыма саласындағы, жиһаз өнеркәсібі және жоғары технология саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылды.

Бейбіт Атамқұлов итальяндық компанияны ынтымақтастыққа шақырды, қонақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын атап өтті және өзара тиімді, оның ішінде мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа әзір екендігін жеткізді.

«Қазақстандағы итальян мәдениеті жылы аясында екі ел арасында алмасу жүріп жатыр. Италияда қазақ мәдениетін насихаттау шаралары өтуде. ОҚО-да трубач-виртуоз Мауро Маура және пианист Франсуаза де Клоссе өнер көрсетті», - деп атап өтті Стефано Раваньян.

Бұдан басқа, итальяндық қонақ сапар аясында «Шымкент Цемент» АҚ зауытының жұмысымен танысты. «Оңтүстік» индустриалдық аймақ нысандарын аралады. Өңірдегі ірі ЖОО студенттерімен кездесті.