Қазақстандағы Израиль елшілігі наразылық білдіріп, жұмыстарын тоқтатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Израильдің Сыртқы істер министрлігі жариялаған ереуілге орай Қазақстандағы Израиль Елшілігі жұмысын тоқтатты.

Аталмыш елдің дипломатиялық корпусының хабарламасында айтылғандай, Израильдің Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы наразылықты ведомстводағы еңбек жағдайын жақсарту үшін ұйымдастырып отыр.

Жұмыскерлердің наразылық шаралары 2014 жылдың 5 наурызында басталған. Енді Израиль Елшілігі ереуіл кезеңінде Қазақстанға Израиль делегаттарының, Израильге қазақстандық делегаттардың ресми сапарларын ұйымдастыруға және өткізуге, визаларды рәсімдеуге, азаматтарға кеңес беруге, оқыту және дайындықтан өткізу сабақтарын өткізуге, мәдени шараларды өткізуге және БАҚ-пен сұхбаттасуға қатыспайтын болады. Наразылық шарасының аяқталу мерзімі әлі белгісіз. Қызметкерлердің ереуілі туралы ақпарат Елшіліктің сайтында жарияланып тұрмақ.