Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы: InternetCA-2012» форумында айтылды.
«Қазақстандық интернетте екі түрлі сегмент бар. Онда қазақ тілді сайттар өз алдына интузиастик бағытта, ал орыс тілді сайттар бизнес көзі ретінде дамып келе жатыр. Осының екеуінің арасында айырмашылық мүлде бөлек. Екеуіндегі көңіл-күй бір-біріне сәйкес келмейді", - дейді "Центр тяжести" форумының редакторы, блогер Жалғас Ертай. Оның айтуынша, mail.ru-ды қазақстандық интернеттің бет-пердесі деуге болады. Өйткені оған күніне 2,1 миллион, аптасына 4,8 миллион интернет қолданушы кіреді. Қазақ тілді қолданушылар соңғы уақытта фейзбук пен твиттер сияқты әлеуметтік желілерге жылжи бастады. Онда қазақ тілінде өте белсенді түрде пікір алмасып отыратын және кез келген бағыттағы құбылыстарға өз пікірлерін білдіре алатын топтар қалыптаса бастады. Мәселен «Қазақтар» деген топта 2150 қолданушы тіркелген.