Қазақстандағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы еуропалық стандарттарға сәйкес өтіп жатыр - Венгрия өкілі

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы еуропалық стандарттарға сәйкес өтіп жатыр.

Бұл пікірімен Астанадағы №22-ші мектеп-интернатта орналасқан №77-ші сайлау учаскесінде болған Венгрия Республикасының Яс-Надькун-Солнок облыстық кеңесінің төрағасы Ковач Шандор бөлісті.

Журналистерге берген сұхбатында К.Шандор, таңертеңнен бері 4 сайлау учаскесінде болғанын, сайлау күнінің соңына дейін тағы екеуінде болуды жоспарлап отырғанын айтты. Ал кешке дауыс беру бюллетендерін санауға қатысуға ниетті.

«Қазақстандағы дауыс беру үдерісін басынан-аяғына дейін бақыладық. Ол еуропалық стандартқа сәйкес өтіп жатыр. Мен дауыс берушілердің белсенділігіне таңданып та, қуанып та тұрмын», - деді ол.

Ел президентін сайлауға алғаш рет байқаушы ретінде қатысып отырғандығын жеткізген халықаралық байқаушы, Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын, елдің аталмыш саяси науқанға дайындық барысын Венгриядан интернет және телеарналар арқылы бақылағанын айтты.