13:52, 22 Мамыр 2009
Қазақстандағы мемлекеттік мүліктер Бірыңғай тізілімге есепке алынатын болады
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстандағы мемлекеттік мүліктер Бірыңғай тізілімге (реестр) есепке алынатын болады.
Бұл жайлы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң жобасының таныстыру барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік мүлікті Бірыңғай тізілімге есепке алу шарасы ең алдымен мемлекеттік заңды тұлғалардың меншігін толық ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі мемлекетке тиесілі акциялар мен үлестердің, жалпы пайдаланудағы мүлік пен мемлекеттік және жергілікті қазынаны құрайтын өзге де мүліктің есебін жүргізуге қолайлы жағдайлар қалыптастырады. «Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, құрылыстарды, негізгі құралдарды орталықтандырып тізілімге алу жұмысы иелік ету, қорларды сатып алу, жалдау, ұстау, жөндеу, сақтандыру, есептен шығару, паспортын жүргізу секілді толық тізбектерден тұратын болады. Осы тұрғыда заң жобасында қамтылатын нормалар Мемлекеттің активтері мен міндеттемелерінің балансын құрудың негізін қалыптастырады. Бұл мақсаттарға 2010-2011 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 161 млн. 967 мың теңге сомасында қаражат қарастырылып отыр», - деді Т. Сүлейменов.
Оның айтуынша, аталған норманы дәйекті түрде жүзеге асыру Қазақстандағы мемлекеттік мүлік жөнінде толық, өзекті әрі сенімді ақпараттық жүйе құруға мүмкіндік береді.