Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының қызметкері, профессор Игорь Северский айтты.
Ғалымның айтуынша, мұздықтар - бұл климаттың өзгеруін көрсететін негізгі индикатор. Ол - ғылыми тұрғыда дәлелденген қағида. «Мәселен, Антарктика мұздықтарын зерттеудің негізінде жер температурасының өзгеру барысын бақылайды. Ондай жұмыстар Орталық Азия аймағында да жүргізіледі. Биыл арнайы экспедиция аясында Федченко мұздығын бұрғылау жоспарланған.Оның арқасында жер температурасы мен атмосферадағы газ көлемінің, сондай-ақ бүгінгі климаттың қаншалықты өзгергенін анықтауға болады. Жалпы, Орталық Азия үшін мұздықтардың орны айрықша зор. Себебі аймақтағы өзендерге құйылатын сулардың 85 пайызы осы мұздықтардан келеді. Демек, Орталық Азиядағы судың басым бөлігі еріген қардың үлесінде. Ал болашақта қалай болады? Ол сулардың қоры әлі қанша уақытқа жетеді? Жалпы, мұздықтардың жағдайы не болмақ? Міне, осы мәселелермен ЮНЕСКО-ның қолдауымен Қазақстанда ашылатын Орталық Азия аймақтық гляциология орталығы айналысуы тиіс», - дейді И.Северский.
Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында Қазақстанда Орталық Азия аймақтық гляциология орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжатты ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова рәсімдеді.