«Қазіргі таңда өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Өкінішке орай, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1678 жұмысшының еңбек жарақатын алғаны анықталған. Олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы басты назарда ұстап отыру аса маңызды», - деп мәлімдеді Мәулен Әшімбаев Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумында.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, 2018 жылдың басынан бері 1231 адам зардап шексе, соның ішінде 167-сі қаза тапқан.
«Зардап шегушілердің көпшілігі тау-кен металлургиялық кешені кәсіпорындарында, сондай-ақ құрылыс саласында еңбек еткен, сондықтан біздің басты міндеттеріміздің бірі жұмыс орнында өндірістік жарақаттанудың алдын алу және болдырмау болып саналады», - деді М.Әшімбаев.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Павлодар облысына барып, партия мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумына қатысты.