«Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш Конституция да оңайдан қалыптаса қалған жоқ. Ол бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, кейіннен ол конституциялық комиссияға жобаны тапсырды. Ондағы пікірталастар қызу, қатал өрбіп, оның көптеген мүшелері, соның арасында Жоғарғы Кеңес басшылығы кеңестік кезеңдегі вертикаль биліктен бас тартуға көндіккісі келмеді. Мемлекет, қоғам қайраткерлері арасында кәсіби парламентке қатысты ортақ ұстаным да жоқ болатын. Біреусі қос палаталы парламент идеясын қолдаса, енді бірі дәл сол Жоғары Кеңесті біршама өкілеттік өзгерістерімен сақтауды құптады. Бұндай жағдайда 1993 жылы Жоғарғы Кеңес тұңғыш рет Қазақстанның компромистік Конституциясын қабылдаған болатын, онда қос палаталы парламент идеясы қабылданбаған еді», - деп есіне ала сөйледі төраға И. Рогов. Оның айтуынша, Жоғарғы Кеңес ілгерідегі таптаурынмен жұмысын жалғастырып, қоғамдық, мемелекеттік дамудың тежегішіне айналды. Бұны аз уақыттың ішінде депутаттардың өздері де түсіне бастаған еді. Дәл сондықтан да Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратқаны тарихтан белгілі. Ал бұдан кейінгі сайланған Жоғарғы Кеңес те бұрынғы кеңестік жүйе қалдықтарымен қызмет еткендіктен ғұмыры көпке барған жоқ.
«Сондықтан да мемлекеттілікті нығайту, жаңа конституциялық құрылымды қалыптастыру, нарықтық экономикаға көшу, барлық бағытта кең ауқымды реформа өткізудің кезек күттірмес шаралары Елбасы Н. Назарбаевтың жаңа Конституцияны әзірлеу бастамасына негіз болды. Сол арқылы кәсіби қос палаталы Парламент дүниеге келді. Жалпы парламентаризм дәстүрі азаматтық қоғамы дамыған, халқының қалың жігінде жоғары саяси мәдениеттілік қалыптасқан, қоғамдық келісім орнаған жерде мығым болады. Ал әлемдегі тәжірибенің өзі парламентаризмнің демократияның ажырамас негізгі бөлігі екенін көрсетеді. Осы айтылғандарды түйіндей келсек, Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің қалыптасуы және оның дамуы барысы Тұңғыш Президент тарапынан жасалған стратегиялық басшылық, саяси үйлесімділік пен төрелік арқасында жүзеге асты. Бұл үдерістің өзі қоғамның демократиялануымен тығыз байланысты дүние», - деді Конституциялық Кеңес төрағасы.