Шараға Хорватияның белгілі қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан елшісі Төлежан Барлыбаев қатысушыларға сайлауға дайындық, ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметі, сондай-ақ сайлауалды кампаниялары туралы баяндады.
Елші Қазақстандағы Президент сайлауын бақылау үшін көптеген халықаралық бақылаушылардың болатынын, әр елдің, соның ішінде Хорватияның журналистері мен ҮЕҰ өкілдері келетінін жеткізді.
Шарада сайлаудың Қазақстан болашағына, Қазақстан-Хорватия байланыстарына ықпалы туралы пікірлер айтылды. Хорват дипломатиясының ардагері, бұрынғы сыртқы істер министрі Будимир Лончар Қазақстанның қазіргі стратегиялық бағытын сақтайтынына, әділ, демократиялық сайлау өткізуді жақтайтын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдарына тоқталды.
Хорватияның бұрынғы президенті Степан Месич Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне әрі мемлекет басшысы лауазымын мерзімінен бұрын тапсырғанына жоғары баға берді.
Дөңгелек үстел соңында Т. Барлыбаев 2019 жылғы 9 маусым күні 07:20-да Қазақстанның Загребтегі елшілігінде №287 сайлау учаскесі ашылатынын жеткізді.