«Қазіргі уақытта қанша халықаралық байқаушы болатындығын тек қана болжай аламыз. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Мәселен өткен сайлауларда 1 024-тен бастап 1633-ке дейін байқаушы тіркелген. Осы жолғы сайлауда да осы мөлшерде, бір мыңнан астам халықаралық байқаушы болады деп ойлаймыз» - деді ОСК мүшесі Зәуреш Бимолдина бүгін аталған комиссияның отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Осы ретте ОСК төрағасы Берік Имашев 2015 жылы өткен президент сайлауында қандай халықаралық ұйымдардан қанша байқаушы келгендігін айтып берді.
«ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясынан - 291, ТМД байқаушылары миссиясынан - 410, ШЫҰ миссиясынан 10 және басқа да ұйымдардан 99 байқаушы келді. Мұнан бөлек еліміздің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелген БАҚ болды. Олар - 168 адам», - деп нақтылады Берік Имашев.
Ал ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов жақын күндері еліміздің Сыртқы істер министрлігіне шетелдік байқаушыларды аккредиттеу туралы арнайы хат жіберілетіндігін атап өтті.