Қазақстандағы президенттік институттың 20 жылдық даму қорытындысына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Сәуірдің 22-23-інде Қазақстандағы президенттік институттың 20 жылдық даму қорытындысына арналған «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: тарихы және қазіргі кезеңі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл ақпаратты ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі таратып отыр.

«Конференцияны өткізуге еліміздің заңгерлер қауымы бастама жасады. Президенттік институттың қазақстандық конституциялық-құқықтық моделінің қызмет атқару тәжірибесінің теориялық және практикалық қырларын жан-жақты талдау, оның әрі қарай даму перспективаларын анықтау қажеттілігі конференцияны өткізуге себеп болды», делінген баспасөз хабарламасында.

Конференцияны ҚР Конституциялық Кеңесі, Алматы қаласының әкімдігі, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат министрліктері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігі және Құқықтық зерттеу және талдау институтының қатысуымен ұйымдастырылады.

Конференцияға Президент Әкімшілігінің басшылары, республиканың орталық мемлекеттік органдары, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қатысады.