Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 20 жыл толуына орай Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр

/strong>Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 20 жыл толуына орай Алматыда «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: тарихы және қазіргі кезеңі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және саяси түрленуін жан-жақты талқылап, мемлекеттің негізгі саяси моделі - президенттік институттың жетістігін бағалау.

Конференция барысында заңгер-ғалымдар, саясаттанушылар, көрнекті қоғам қайраткерлері қолданыстағы Конституция құрған президенттік институт моделінің тиімділігі, оның дағдарыстан кейінгі кезеңдегі және жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы даму перспективаларын айқындау жайында баяндамалар оқып, талқылады.

Аталмыш шараны Республика Конституциялық Кеңесі, Алматы қаласының әкімдігі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сыртқы істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Байланыс және ақпарат министрлігі, Д.А.Қонаев атындағы университет, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігі мен Құқықтық зерттеу және талдау институттары ұйымдастырып отыр.

Сәуірдің 23-не дейін жалғасатын конференцияға Президент Әкімшілігі, Республиканың орталық мемлекеттік органдар өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қатысуда.