Қазақстандағы референдумды өткізбеу туралы шешімді Таяу Шығыста болып жатқан жағдайлармен салыстыру - бұл өресіздік - Еуроодақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі П.Морель

БРЮССЕЛЬ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Қазақстанда президенттің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешімді Таяу Шығыста болып жатқан жағдайлармен салыстыру - бұл өресіздік.

Брюссельде Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің арасындағы қарым-қатынасқа арналып өткен конференция барысында Еуроодақтың Орталық Азия елдері жөніндегі арнайы өкілі Пьер Морель осындай пікірін жария етті.

Еуроодақ шенеунігінің айтып өткеніндей, Қазақстан Тұңғыш Президентінің өкілеттілік мерзімін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасы Еуроодақтың қызу пікірталасын тудырды, ол Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштонның ұстанымынан да байқалған еді. «Алайда, Еуроодақтың рөлі өз стандарттарын айтуда емес, ал елдерге ортақ құндылықтар мен халықаралық міндеттерді бірге бөлісетіндігімізді еске салуда екенін айта кету керек», - деп атап өтті П.Морель.

Осыған байлансты Еуроодақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Қазақстанды Конституциялық кеңес осы референдумды өткізу мүмкін емес деген шешім шығаруымен құттықтады.

Конференцияға қатысушы сарапшылардың "Қазақстан билігінің референдум жолы арқылы президент өкілеттілігін арттыру бастамасын өткізбеу туралы шешімі қазір Таяу Шығыста, Мысыр мен Тунисте болып жатқан жағдайлардың салдары болған жоқ па?", деген сұрағына П.Морель үзілді-кесілді қарсылықпен жауап берді. «Бұл екеуі - екі басқа. Референдумды жақтап, 5 млн. адамның қолы жиналғанын білесіздер ғой. Онымен қоса, ҚР Парламенті де бірауыздан қолдау білдірді. Сондықтан осы жағдайдан бір салыстырмалық іздеу, өресіздік», - деді Еуроодақтың Орталық Азия елдері жөніндегі арнайы өкілі.