Қазақстандағы ресейлік еншілес банктердің шоттарындағы 9,2 млрд теңге бұғатталған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы ресейлік еншілес банктердің шоттарындағы шамамен 9,2 млрд теңге бұғатталған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санкциялық талаптар аясында жекелеген шетелдік банктер «Сбербанк» АҚ ЕБ-нің, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-нің және «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ-ның шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарын бұғаттаған. Осының нәтижесінде банктердің мәліметтері бойынша, аталған банктердің шоттарындағы жалпы сомасы шамамен 9,2 млрд теңге («Сбербанк» АҚ ЕБ бойынша – 2,7 млрд теңге, «Альфа-Банк» АҚ ,ЕБ бойынша – 6,2 млрд теңге, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ бойынша – 0,3 млрд теңге) болатын қалдықтар бұғатталды», - деп атап өтеді агенттік төрағасы жауабында.

Оның дерегінше, бұдан басқа шетелдік банктер «Сбербанк» АҚ ЕБ-нің жекелеген клиенттері бойынша 2,9 млрд теңге сомадағы шетел валютасындағы төлемдерді бұғаттаған.

«Альфа-Банк» АҚ ЕБ клиенттері бойынша жекелеген клиенттер бойынша 3,9 млрд теңге сомасындағы шетел валютасындағы төлемдер мен аударымдар бұғатталды. Қазіргі уақытта банктің жаңа акционері «Банк ЦентрКредит» АҚ банкті АҚШ пен бірқатар басқа елдердің санкциялық тізімінен шығару жұмыстарын жүргізуде. «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ-ның клиенттері бойынша олардың төлем және аударым операциялары аясында қаражаттарды оқшаулау немесе бұғаттау фактілері жоқ», - делінген Мәдина Әбілқасымованың жауабында.