Қазақстандағы сайлауға байланысты «Барыс» ХК мен Санкт-Петербордың «СКА» командасы арасындағы матч кейінге шегерілді

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандағы сайлауға байланысты «Барыс» ХК мен Санкт-Петербордың «СКА» командасы арасындағы матч кейінге шегерілді.

Аталмыш кездесу 15 қаңтарда «Қазақстан» спорт сарайында өтуі тиіс болатын, деп хабарлайды «Барыс» клубының баспасөз қызметі.

«15 қаңтарда «Қазақстан» спорт сарайында жоспарланған шараларға байланысты «Барыс» хоккей клубы өз айдынында «СКА» командасын қабылдай алмайды. ҚХЛ келісімімен матчты Санкт-Петерборда өткізу туралы шешім қабылданды», - деп жазады баспасөз қызметі.

Клубтың мәлім етуінше, жанкүйерлердің «Барыс» ойынына сатып алған билеттерді кассаларға өткізіп, толық құнын қайтарып алуларына болады. 

Еске сала кетейік, 15 қаңтар күні Қазақстанда партия тізімі бойынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын, сонымен қатар ҚР мәслихаттары депутаттарын сайлау өтеді. «Қазақстан» спорт сарайында Астана қаласының «Алматы» ауданына жататын №71 сайлау учаскесі орналасқан.