Қазақстандағы Сенат сайлауы халықаралық стандарттарға сай өтті - Түркі кеңесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің миссиясы Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Миссиямыз сайлау процесі барысында Астана мен Көкшетау қалаларындағы дауыс беру процедурасына белсенді байқау жүргізген болатын. Дауыс беру процедурасы Қазақстан заңнамасына және халықаралық стандарттарға сай өткізілді. Учаскелерде халықаралық байқаушылардың бақылау жүргізуіне барлық жағдай жасалды», - деді бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте аталған миссияның жетекшісі Рамиль Гасанов.

Сонымен қатар ол дауыс беру ұйымдастырылған түрде өткізілгендігін баса айтты.

«Біздің делегация сайлау комиссияларының жұмысына заңсыз араласудың бірде бір дерегін байқаған жоқ. Тәуелсіз дауыс беру құқығына қатысты айтарым, біз болған екі қалада да сайлаушылардың жұмысына кедергі болмағандығын нық сеніммен айта аламын. Дауыстарды санау шарасы да Қазақстанның заңнамасында бекітілген ережеге сәйкес жүргізілді», - деді ол.