Қазақстандағы шағын кемелер қауіпсіздік тұрғысынан тексеріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті 1 маусымнан 31 тамызға дейін жыл сайын жалпыреспубликалық «Скутер» акциясын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның мақсаты - шағын өлшемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің су айдындарында апаттық жағдайлар мен экологиялық қатерді болдырмау, жазатайым оқиғалар мен адамдардың өлім-жітімін азайту.

«Қазақстанда катамаран, салмақты және үрлемелі қайықтарды қоспағанда, 18 мыңнан астам шағын өлшемді кеме тіркелген. Шомылу маусымы кезінде жасанды және табиғи су айдындарында адамдар мен кемелер саны артады. Осылайша, адамдардың қаза табуы, денсаулығына зиян келтіру секілді оқыс оқиғалардың тәуекелі артады. Акция кезінде шағын көлемді кемелерді қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан тексеріледі. Оларда құтқару құралдарының болуы, басқару құқығы бар тұлғалардың кемелерді басқаруы, олардың міндетті түрде тіркелу секілді талаптар тексеріледі», делінген хабарламада.

Көлік комитетінің аумақтық органдары кеме иелерімен, шағын көлемді кемелердің тұрақтау базаларының және демалыс аймақтарының иелерімен шағын көлемді флотты қауіпсіз пайдалануды реттейтін заңнама талаптарын түсіндіреді.

Сонымен қатар Көлік комитеті демалыс кезінде су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.

Сонымен қатар, көпшілік демалатын орындарда тыйым салынатын әрекеттер де көрсетілген. Баланы ересектің қарауынсыз шомылуға жібермеу; моторлы, ескекті қайықтарға және басқа да жүзу құралдарында қарай жүзуге; бейімделмеген құрылыстардан суға секіруге; мас күйде шомылуға, жүзу тақтасында, бөренелерде, жатып жүзетін құрылғыларда, автомобиль камераларында, үрленген матрацтарда жүзуге; ескерту және тыйым салу белгілері мен жазулары бар қалқандар қойылған орындарда шомылуға; шағын көлемді кемелерде құтқару кеудешесінсіз болуға тыйым салынады.

Су көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзғандарды көргендер болса, тәулік бойы жұмыс істейтін Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының сенім телефонына хабарласу керек. 8 (71 72) 98-35-35, сондай-ақ фото және бейне материалдарды What sApp мессенджеріне 8 708 088 08 00 жіберуге болады.