Қазақстандағы спорт журналистерінің анықтамалығы шыққалы жатыр

АЛМАТЫ. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда сәуір-мамыр айларында қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде  Қазақстандағы спорт журналистерінің анықтамалығы жарық көреді.

Бұл идеяның авторы және шығарушысы «Мирас» спорт қоғамдық қорының президенті, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының вице-президенті Рима Тәжібаева.

«Кто есть кто» энциклопедиясындағы ең алғашқы жинаушылардың  қатарына кіретін Р. Тәжібаева бүгінгі таңда PR-маркетинг саласында жұмыс жасайды. 7-қысқы Азия ойындары кезінде «Мәдени Азиада» жобасын жүзеге асырған оның бұл бастаманы көтеруіне еліміздегі спорт журналистерінің бірігу үдерісінің төмен қарқыны түрткі болған көрінеді.

«Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының президенті Несіп Жүнісбайұлының айтуынша, республикада 500-ден астам спорт журналисі бар. Алайда кімнің қайда және спорттың қай саласына маманданғаны жалпы көпшілікке әлі беймәлім күйде қалып отыр. Сондықтан бұл анықтамалықта олардың бір-бірін танып, араласып тұруына түрткі болу көзделіп отыр. Ол Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы аясында 1-2 мың данамен жарық көрмек», - дейді Рима Тәжібаева.